ГлавнаяБлог

Венчурлық инвестор деген кім және олар Қазақстанда қалай пайда табады?

Венчурлық инвестор болудың алғышарттары жайлы MOST Ventures-тің басқарушы серіктесі, Umay бизнес періште клубының негізін қалаушылардың бірі әрі басқарушысы Мират Ахметсадықов айтып берді.

Венчурлық инвестор деген кім?

— “Венчурлық инвестор” тіркесі шет тілінен енген, қазақшаға аударылмайды. Сондықтан әр сөздің мағынасын түсініп алғанымыз жөн. Инвестор — жеке тұлға, инвестициядан хабары бар адам, осыдан бұрын кәсіппен айналысып қаржы тапқан, қаржысы мол, өз өміріне жеткілікті. Венчурлық инвестор түсінігі алдымен осы инвестордың сипатынан кейін анықталады.

“Венчур” сөзі ағылшын тілінен аударғанда “тәуекел” деген мағынаны білдіреді. ІТ стартаптардың көбі 2-3 жылдан аспай, сәтсіздікке ұшырап жатады. Компаниялар жиі ашылып- жабылатындықтан және “ақшамды қайтарып ала алмауым мүмкін” деген тәуекел де жоғары болғандықтан венчурлық инвесторларды тәуекелге баратын инвесторлар деп атасақ дұрыс болады. 

Адамдар не себепті венчурлық инвестор болады?

— Венчурлық инверстор ғұмыры 2-3 жылдан аспайтын стартаптарға не үшін ақша салады? Бұл ең алдымен оның ішкі құндылығына байланысты. Болашағын технологиямен байланыстырып, технология өмірді жақсы жаққа өзгертететініне сенімді болғандар венчурлық инвестицияға келеді. Олар 3-5 жылдан кейінгі болашақты көреді. Сондықтан қысқаша айтсақ, тәуекелге бет бұрған, жаңа технологияның біздің өмірімізге енуіне себепші боламын деген ойы бар адам венчурлық инвестор болғысы келеді.

Венчурлық инвестицияға енді келген адам не істеуі керек?

— Жалпы, біз енді ғана инвестор болған адамға бірден венчурлық инвестициямен айналысуды ұсынбаймыз. Өйткені бұл оған өте қиын болады. Бірақ сонда да венчурлық инвестициямен айналысқысы келсе, онда жаңа бастаушы инвестор бірінші венчурлық инвестиция жайлы білім алуы керек. Екінші — венчурлық инвесторларға арнап ашылған клубтар бар. Сол клубтардың мүшесі болып, мәлімет алып, тәжірибелі инвесторлармен бірге инвестиция жасап көрсін. Үшінші — егер өз бетінше инвестиция жасауға ниеттенсе, онда тәуекелді инвестициялар жасап көрсін. Сонда жоғалтатыны да аз болады.

Венчурлық инвестор болу үшін ең аз дегенде қанша қаражат болуы қажет?

— Егер өзге венчурлық инвесторлармен бірге инвестиция жасасаңыз, 100 мың доллар қаражатыңыз болу керек. Бұл қалай? Венчурлық клубтар бар, сол жерге кіріп әр инвестор бір жобаға 10-20 мың долларға дейін салады. Осы жерде 10 мың долларды 10 жобаға көбейтсек, 100 мың доллар қаражат керек. Бұл — бір күнге емес, 1-2 жылға салынатын ақша.

Сондықтан осынша ақшаны инвестицияға бөле аламын деген адамдар келеді. Осы жерде тағы бір айтып кетерім, венчурлық инвестицияға келгенде кемінде 10 жобаға ақша салам деп келу керек. Себебі бар ақшаңызды тек бір жобаға ақша салып қойып, осы жоба ақшамды қайтарады деген тәуекел өте үлкен. Ертеңгі күні ақшаңызды жоғалтқанда венчурлық инвестициядан көңіліңіз қалады. Ал 10 жобаға салатындай ақшаңыз болмаса, онда венчурлық инвестицияға әлі ерте деп айтуға болады.

Ал егер ешқандай клубтарға мүше болмаймын, өз бетімше жүргіземін десеңіз, онда сізде 500 мың доллар болу керек. Өйткені жобалар 50-100 мың доллар ақша сұрап келеді. Жалғыз өзің берсең, 50 мыңнан 10 жобаға 500 мың доллар болады. Сондықтан венчурлық инвестицияға барлық адамның бірдей жағдайы келе қоймайды.

Венчурлық инвестиция жалғыз инвестиция көзің болмауы керек.

— Тапқан қаражатыңыздың тек 5-10%-ын ғана венчурлық инвестицияға салу керек. Ақша салғанда қалтаңыздағы соңғы қаражатты емес, өзіңнен артылған ақшаны ғана инвестицияға салу керек.

Инвестиция құюға лайық жобаны қалай таңдаймыз?

— Әр адамның өзі қызығатын саласына қарай таңдауы да әртүрлі. ІТ-стартаптарда бизнесті жүргізудің жолдары сәл өзгеше. Мысалы, дәстүрлі бизнесті алайық. Олар пайда табуға және оны арттыруға бағытталады. Ал стартап жобалар пайда табуға емес, нарықты жаулап алуды мақсат етеді. Пайда емес кірісті өсіруге ұмтылады.

Мысалы, біз білетін Uber 10 жыл бойы пайдасыз компания болған. Әр жылы кірісінен шығыны көп еді. Uber-дің мақсаты әлемнің бүкіл қаласында жұмыс істейтін такси қызметін құру болды. Нәтижесінде 10 жылдан кейін пайда әкеле бастады.

Дәстүрлі бизнеспен салыстырсақ, мейрамхана аштың ба, 2-3 айдан кейін пайда әкеле бастауы керек қой. Сондықтан инвестиция құяр алдында дәстүрлі бизнес пен стартап екеуін бөлек қарастырамыз. Стартап мақсаты пайда табу емес, өз саласында бірінші болуға тырысу. Енді жоба таңдағанда сол проекттің жылдамдығына мән береміз, яғни клиенттер өсу қарқынын қарау. Айына 2-3 есе көбейіп жатса, онда жақсы. Екінші критерий — өзге қалаларға оңай әрі жылдам шыға алатынын қарастыру керек. Тек бір ғана қалада дами алатын стартапты жақсы деуге болмайды. Мысалы, Алматыда жақсы дамып келе жатқан стартап бар деп ойлайық. Оның астанада да жұмысын жүргізу үшін кеңсе ашу керек, жұмысы көп болады.

Үшінші маңызды мәселе — команда. Жобаның бастапқы кезеңінде команда құрамы маңызды роль атқарады. Өйткені инвестор ақша салмас бұрын команданың біліктілігі мен тәжірибесіне назар аударады. Егер инвестор ретінде стартаперлер сізді сендіре алса, ақша құясыз. Егер сенбей тұрсаңыз, жобасы мың жерден керемет болса да, сіз оған ақша бермейсіз ғой. Инвестор жобаға емес, адамдарға сеніп инвестиция жасайды. Төртінші ІТ-стартаптардың жасалу технологиясына мән беру. Жоба көшіруге қиын технологиямен жасалса, жақсы. Атап айтқанда, жасанды интеллект, Big Data технологияларын қолданып жасалған жобаларға басымдық бересіз. Себебі бұл технологияларды 1-2 айдың ішінде өзге бәсекелес ІТ-мамандары оңай көшіре алмайды.

Қазіргі уақытта венчурлық инвесторлар қай салаға көптеп ақша құйып жатыр?

— Жасанды интеллект, электрон коммерция, логистика сияқты көп сала бар. Бірақ соның ішінде нақты екі саланы ерекше атап өткім келеді. Біріншісі — қаржы саласы. Нақтырақ айтсақ, fintech. Ол миллиардтаған инвестиция тартып жатыр. Ал екінші пандемия басталғалы бері білім беру саласына көп көңіл бөлініп жатыр. Дегенмен таяқтың екі ұшы бар. Былтыр туризм саласына ешқандай инвестиция таратылмаған.

«Бизнес періште» деген кім?

— Бұл терминнің төркіні АҚШ-тан шыққан. Бизнес періште – біріншіден, инвестор. Екіншіден, жеке тұлға. Оның кәдімгі инвесторлардан ерекшелігі өзінің ақшасымен қатар бизнестегі тәжірибесі мен білімі арқылы жобаңызға көмектеседі. Ол — ақшасын да, білімін де, тіпті сол саладағы дос-таныстарын да жобаңыздың сәтті болуына жұмсай алатын адам.

Инвестиция құйған жоба сәтсіз болса, не істеуге болады?

— Бір жобаға қаржы құйсаңыз, ал ол сәтсіз болса, ештеңе істемейсіз. Себебі сіздің ақшаңыз кетсе, стартап иесінің 5 жылдай уақыты кетті, яғни таразы басы тең. Жоғарыда айтқанымдай, тек бір жобамен күтіп отыруға болмайды. Өзге инвесторлармен бірігіп 10 жобаға салсаңыз, соның біреуі болсын сәтті шықса, қалған 9 жобаға жұмсаған ақшаңызды артығымен қайтарып береді.

Венчурлық инвестор мен бизнес періштенің айырмашылығы неде?

— Бизнес періште – енді аяққа тұрып келе жатқан компанияларға ақша салатын адам. Ал венчурлық инвестор – венчурлық қорда жұмыс істейтін адам деп айтуға болады. Олар өздерінің ақшасын емес, қор ақшасын салады. Ал бизнес періште — маңдай терімен тапқан ақшасын басқа жобаға беретін адам.

Ал Қазақстанда бизнес періште деп кімдерді айтсақ болады?

— Бірінші — кәсіпкерлерді, екінші — биржада жұмыс істейтін мамандарды. Акция сатып алып, сатып, биржада инвестиция жасайтын адамдар. Үшінші — ірі компаниялардың топ менеджерлері. Олардың білімі де бар, оған қоса, жоғары айлықтарымен қоса, бонустары да бар. Осы үш адамды бизнес періште қатарынан табуға болады.

Венчурлық қор дегеніміз не?

— Бұл — кәсіби түрде инвестициямен айналысатын компания. Бұл қорда тек жеке тұлғалардың емес, үлкен компаниялардың да қаражаты болады. Егер қордың фокусы ІТ-жобалар болса, онда ол венчурлық қор болып есептеледі. Венчурлық қордың лицензиясы болады, ол мемлекет тарапынан қадағаланып, Ұлттық банктің бақылауында болады. Бұл — өте көп реттелетін сала. Осы жерде біздің өзіміздің венчурлық қорымыз бар. Көлемі — $10млн. Біз оны ашу үшін бір жыл уақыт жұмсадық. Бізде қаражат, ірі инвесторлар болғанына қарамастан қорды жай ғана ашу үшін бір жыл уақыт кетті.

Венчурлық қорлардың өмір сүру мерзімі — 7-10 жыл. Алғашқы 4-5 жылын ақшаңызды инвестициялауға, қалған 3-4 жылда сол ақшаңыздан пайда табатын уақыт.

Қазақстанда тағы қандай венчурлық қорлар бар?

— Біз Астана қаржы орталығында бірінші венчурлық қор болып тіркеліп, лицензия алдық. Біздің қор MOST Ventures венчурлық қоры деп аталады. Әрине, еліміздің нарығында шетелдік венчурлық қорлар бар. Дегенмен Қазақстанда құрылған ең алғашқы венчурлық қор біз болып отырмыз. Дегемен алдағы уақытта көбейеді деп ойлаймыз. Қазіргі уақытта мемлекет венчурлық қорларға салықты алып тастады. Сондай-ақ мемлекет басқа шетелдік венчурлық қорларға ақша салып, олардың сол ақшаны тек Қазақстандық ІТ-жобаларға инвестиция жасауына мүмкіндік беріп отыр. Неліктен? Себебі оларың тәжірибесі мол, қандай жобалар өзекті екенін біледі.