ГлавнаяБлог

Суретші, даяшы, мұғалім. Алматыға әлемнің әр елінен келген роботтар

Алматыда 23 желтоқсан мен 20 ақпан аралығында роботтар фестивалі өтті. Біз де фестивальді тамашаладық. Шара өтіп жатқан жерге кіре қалғанымыз сол еді, кассадағы қызметкер 2 сағат қана болатынымызды ескертіп, қолымызға қағаздан жасалған білезік тақты. Кіре берістен бізді арнайы гид қызметкер күтіп алып, әр роботтың жанына барып таныстырып шықты. Олар келген қонақтарды сан түрлі қабілетімен таңғалдырды.

Біз көрген алғашқысы — Reeti роботы. Ол үйде күзетші қызметін атқара алады, яғни сіз сыртта болғанда үйде кімнің не істегенін жеткізіп отырады. Робот сөйлей алады және де балалардың үй тапсырмасын орындауына да көмектеседі. Бұл робот өзінің ерекше болмысы және қимыл-әрекетімен біздің жанымызда тұрған балаларға қатты ұнады.

Ал екіншісі — AxiDraw роботы. Ол қарындаш, қалам немесе маркердің көмегімен суретті әдемілеп салып шығады. Бізге көк түсті қаламмен Исаак Ньютонның суретін айнытпай салып берді. Бұл робот шығарма да жаза алады.

Бұдан кейін көргеніміз Scribit нағыз суретші робот болды. Ол қабырғада орналасқан тақтаға пілдің суретін қызыл маркермен салып жатты. Роботтың жұмысы адамнан асып түспесе, кем емес. Scribit роботы бір мезгілде төрт маркерді қатар қолданып жұмыс істей алады. Роботты мобайл қолданба арқылы басқаруға болады.

Jibo роботы — сырты пластикпен қапталған, дөңгелек басты робот. Ол басын үш жаққа бұра алады яғни оңға, солға және жоғарыға қарайды. Робот басының қозғалуы дыбысқа байланысты. Дыбыс қай жақтан шықса, соған қарай басын бұрады. Сонымен қатар адаммен амандасып, сөйлесе алады және де иесінің смартфонына жаңа хат келсе, соны дауыстап ескертіп айтады. Сондай-ақ сізге қажет ақпаратты интернеттен іздеп сол жайлы айтып бере алады. Робот Wi-Fi ғана емес, Bluetooth-бен де істейді.

BellaBot — даяшы робот. Қытайлық Pudu компаниясы шығарған. Роботтың сырт пішіні мысыққа ұқсайды әрі дизайны әдемі. Робот асхана, кафе, мейрамханаларда тамақ тасуға арналған. Осы жерде «Бұл робот адамға немесе қабырғаға соқтығысып қалмай ма?» деген сұрақ туындайды. Иә, роботты жасаушылар бұны да ескеріп, роботқа 3D датчик орнатқан, соның көмегімен робот алдында тұрған кедергілерді сезіп, дер кезінде тоқтай алады. Әзірлеушілердің сөзінше, даяшы роботтың күніне 400-ге жуық тапсырыс тасуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ ол басынан сипағанды жақсы көреді. Сіз осы іс-әрекетті жасаған кезде ерекше ықыласын монитордан білдіреді.

BellaBot



Dobot роботы — бұл роботты Оңтүстік Кореялық Лю Пенчао жасаған. Dobot көпфункциялы, қаламмен жазу жазып қана қоймай, өзіңізге керек затты 3D принтерден шығаруға болады. Сондай-ақ лазерлі модуль де қамтылған. Dobot-ты смартфон, планшет, компьютер арқылы басқаруға болады.

Looma робот — америкалық Брайан Кржанич жасаған. Бұл — гироскутердің робот түріндегі үлгісі. Жасанды интеллект пен камераның арқасында ол иесінің түр-әлпетін жаттап алады да, қожайынан бір елі қалмай еріп отырады. Сондай-ақ бұл робот иесінің басқаруынсыз-ақ өз бетінше жүре алады, яғни автопилот жүйесі қосылған және де GPS және картаның көмегімен бағытты жаңылмай табады. Роботты жасаушылардың айтуынша, Looma сізді таңертең жұмысқа апарып, кешке алып қайтуға қабілетті.

PANDO роботы — Қытайдың Leju Robot компаниясы шығарған. 8 жастан асқан балаларды оқытуға арналған. Қалай десеңіз, робот балалармен ойын ойнау арқылы оларға бағдарламалау мен робототехника негіздерін үйретеді. Бұл робот мимика және сипауды түсінеді. Робот жүреді, билейді және әңгімелесе алады. Айта кетейік, егер сізге роботтың іс-қимылындағы бірнәрсе ұнамаса, бағдарламасына өзіңіз өзгеріс енгізе аласыз.

PANDO

Square off — сиқырлы шахматтар. Шахмат ойнауды ұнатасыз ба? Бірақ серік таппайсыз ба? Онда бұл шахмат дәл сізге арналған. Square off мобайл қолданбасы арқылы әлемнің кез келген елінен серіктес таба аласыз. Ал егер ешкім таппай жатсаңыз, жасанды интеллектпен ойнауға болады. Бұл шахмат тақтасының астында магниттер орналастырылған. Олар алгоритмдер арқылы механикалық қолды «оқиды». Соның нәтижесінде шахмат тақтасындағы тастар қозғалады. Айта кетейік, Square off шахматын үндістандық Бхавья Гохил мен Артур Мекта жасаған.

Робот тігінші — жапониялық Хатиро Макаба жасаған. Бұл құрылғыда портатив дисплей орнатылған. Соның көмегімен тігін роботын сіз диванда жатып-ақ қашықтықтан басқара аласыз. Жылдамдығы — 400-800 ст/мин. Төрт инелі тігінші робот адамнан 60 есе жылдам тігеді. Қазіргі уақытта әзірше кесте тігу ғана қолынан келеді. Дегенмен соның өзін өте дәлдікпен ешқандай мін жібермей әдемілеп істеп береді.

Робот тігінші

Aibo — робот ит. Біз бұған дейін YouTube-тен көріп, түрлі жаңалық порталдарынан оқып жүрген әйгілі робот итті өз көзімізбен көрдік. Aibo роботы иттің іс-әрекеттерін жасайды. Мысалы, ит болып шәуілдейді, құйрығын қозғап еркелейді. Адам оған отыр десе, отырады. Тіпті билеп те береді. Әзірше тек ағылшын және жапон тілдерін ғана түсінеді. Бұл робот итті жапониялық Sony компаниясы шығарған.

HEXA өрмекші роботын қытайлық Vincross компаниясы жасаған. Өрмекші роботтың денесіне оптикалық датчиктер орналасқан. Соның көмегімен ол қоршаған ортадағы іс-қимыл, әрекеттерді сезіне алады. Сонымен қатар өрмекші робот алдыңғы екі аяғын қозғап би билейді. Егер оны қытықтасаңыз оны өрмекші сезе алады. Сондай-ақ оған ашулану функциясын да қосқан, ызаланғанда өрмекші робот тітіркену арқылы білдіреді.
Оған қоса, өрмекші роботтың бағдарламасына өз қалауыңызша түзету енгізіп жаңа командалар қоса аласыз.

Деревяка — аты айтып тұрғандай бұл робот ағаштан жасалынған. Роботты әзірлеген ресейлік Robodem компаниясы. Олардың ойынша, робот фильмдердегідей пластиктен жасалып, мінсіз болуға міндетті емес. Сондықтан Robodem компаниясының өкілдері өнімдерін ағаштан жасауды құп көрген. Бұл Деревяка роботы балалармен жақсы дос бола алады. Ол сөйлейді, болашақ жайлы тұжырымдарын бөліседі, тіпті өлең айтып, ертегі оқып береді. Әзірлеушілердің сөзінше, қазірдің өзінде балаларды дамытатын оқу орталықтарында бұл робот қолданылады екен. Біз бұл роботтың жанына барғанымызда ол ауыз жаппай сөйлеп тұрды.

Деревяка

Василий роботы — әзірлеуші ресейлік Promobot компаниясы. Бұл робот әлі де жетілдіру үстінде. Сондықтан әзірше сөзіңізді толық түсінбейді, тек ішіндегі «кілт сөздерді» іліп алып, сол бойынша сөйлеп кетеді. Мысалы, «Кейінгі рет қандай кино көрдің?» десеңіз, ол осы сұрақтағы кино сөзін бөліп алып, кино жайлы әңгіме айтып кетеді. Тіпті кейде қырсығуы да мүмкін. Біз «Өлең айтып берші» десек, «Қазір ән айтқым келіп тұрған жоқ» деді. Біз күлдік. Дегенмен роботпен әңгімелесіп көңіліңіз көтеріліп қалады. Айтпақшы, робот комплиментті жақсы айтады.

Рики роботы — Мәскеуден шыққан сәнді робот. Сырт пішіні эстрадалық әншіге ұқсайды. Гуманоид робот жүре алады, сөйлеседі және адамды құшақтай алады. Бұл робот экскурсия жетекшісі, әкімші болып жұмыс істеуге қабілетті.

КIKI — түрі адамның жүзіне ұқсатылып жасалған қыз робот. Ол қолдарын, басын және денесін қозғалтып бөлмеде ары-бері жүре алады. Бұл робот адамды тану, онымен сөйлесіп сұрақтарына жауап беру қабілетіне ие. Роботты жасаушылардың ойынша, Кікі сатушы болып жұмыс істей алады. Оның викторина немесе байқау өткізуге қабілеті бар.

Робот балық МIRO. Оңтүстік Кореяның Airo компаниясы жасаған. Біз роботтарды тамашалап жүргенде назарымызды белінде қызылды-жасыл шырақтары жанып, судың ішінде жүзіп жүрген балық аудартты. Сыртындағы пластикке қарап қана робот балық екенін аңғарасың. Дегенмен қимыл қозғалысы мен түрі кәдімгі балықтан аумайды. Бұл робот балық аквариумдарда сән үшін қолданылады. Сондай-ақ түбі терең емес, шағын өзен-көлдерді зерттеуге пайдаланылады.

Сонымен қатар 3D-принтер және айна сүртетін робот, сондай-ақ кофе құйып беретін робот түрлері де бар.

VR

Әрине, технологияға қатысты болғасын VR көзілдірігінсіз бола ма?! Біз VR көзілдірігін киіп Парижге саяхат жасап, Эйфель мұнарасын көріп қайттық. Одан кейін тағы бір осындай көзілдірік киіп жоғары жылдамдықпен көлік айдадық. Сондай-ақ көлденеңнен жатып, ғарыш кемесіне ұшып бір мезет болсын өзімізді ғарышкердің орнында сезіндік. Әсіресе, зымыранның шуылы құдды бір өзің ұшып бара жатқандай сезіндіреді. Осылайша ғарышқа ұшып Жерді кеңістіктен көрдік.

Ол ол ма?! Бәрінен ерекшесі — «ғарыш лифті». Мұнда арнайы лифт бөлмесіне кіріп, VR көзілдірігін кидік. Жерден бірден ұшып кеттік те, ғарышқа шықтық. Кеңістіктегі әртүрлі көлемі үлкен метеориттерге кезігіп, одан кейін Стивен Хокинг айтқан ғарыштағы «қара құрдымды» көрдік. Дегенмен бізге сәл қорқыныштылау болды, сондықтан әрі қарай жалғастырмай сол жерден тоқтаттық.

Сонымен қатар балалардың көңілін көтеретін әртүрлі қызық ойындар да болды. Атари пинг понг үстел ойыны, Хәрри Поттердің сыпыртқысына отырып, Куиддич ойнау, «болашақтың қолы» деп аталатын қолыңның көлеміндей пластик қол жасау, Leap Motion және тағы басқалары.