ГлавнаяБлог

Психоаналитик: Өзін жақсы көретін ортада өскен адамда артық салмақ болмайды

Семіздік — тұқым қуалайтын құбылыс, белсенділікті сүймейтін өмір салты немесе қандай да бір ауыр дерттің салдары ғана емес. Психоаналитик мамандардың айтуынша, ол жан мен тән арасында байланыстың болмауымен, тіпті адамның сонау 1 жасқа дейінгі өмірінде алған психологиялық жарақаттарымен байланысты.

Чикаго психоанализ институтында жүргізілген зерттеулер тамақ ішу процесінің және асқазан-ішек жолының қалай жұмыс істейтіні тікелей адам эмоциясымен байланысты екенін көрсетті. Бұған ғалымдар 10 мыңнан астам адамның қалай тамақтанатынына бақылау жүргізу арқылы көз жеткізді.

Түбінде артық салмақ жинауға алып келетін шектен тыс көп тамақ ішу тікелей психоэмоционалдық қысыммен байланысты. Адам өзі үшін маңызды деген адамдармен болатын кикілжіңді өткере алмай ақырында жаман сезімді тамақпен тұншықтыруға тырысады. Мұны ғылым тілінде «психосоматика» дейді. Психосоматикалық аурулар негізінен жанның басқа бірнәрсені қалай тұра тәннің екінші бір нәрсені жасауымен байланысты. Сондай-ақ керісінше психосоматика астарында адам үшін ұтымды себеп жатуы мүмкін.

Бірте-бірте «психосоматика» деген түсінікке келе жатырмыз. Адам жаны жадырап, ән салып тұрса, тәні де соны қайталайды. Жан жинақы болса, тән де жинақы деген сөз. Егер жан мен тәнді ерлі-зайыпты деп қарастырсақ. Олардың арасындағы психоэмоционалдық байланыс мықты болса, онда отбасы берік болады.

Артық салмақ пен аурудың басым бөлігі осы жан мен тән арасында үйлесімділіктің жоқтығымен байланысты. Олар бір-бірін түсінбейді, құшақтамайды, тіпті соғыса бастайды. Тәннің өз қалауы болады, жан екінші бір нәрсені қалайды. Осы кикілжің әртүрлі ауру түрінде көрініс табады, — деп түсіндірді Орталық Азиядағы Психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова.

Нәресте «анам екеуіміздің тәніміз бір» деп ойлайды

Психоаналитик осы орайда сәбилерді мысалға алды. Айтуынша, алғашқы 3-4 айда сәби өз тәнін анасына тиесілі деп ойлайды. Тіпті, нәресте анасын өзі еміп жатқан омырау деп біледі. Өйткені әйелдің омырауы емізген кезде нәрестенің бетін тұтастай жауып тұрады. Нәресте өзі мен анасын бөлек тұлға ретінде ажырата алмайтындықтан, оған мұны тәніне көбірек көңіл бөлу арқылы білдіру қажет. Тән мен жан арасындағы байланыс дүниеге шыр етіп түскен сәттерден-ақ орнай бастайды.

Бала мейлі қазақ, мейлі орыс тілінде тәрбие алсын, ол өзі туралы үшінші жақта айтады. Мысалы, «Мағжанның тамақ жегісі келеді», «Қарагөздің қарны ашты» деген сияқты. Бұл — қалыпты нәрсе. Өйткені ол өзі туралы үшінші жақта ғана естиді. Шамамен 1,5-2 жаста сәби өзі туралы екінші жақта сөйлей бастайды. «Сен тамақ жегің келеді», «Сен піш дейсің» деп. Өйткені анасы онымен осылай тілдеседі.

Жан мен тән арасындағы байланыстың әзірге қаншалықты алшақ екенін осыдан көруге болады. Бірақ бала 3, ең болмаса, 3,5 жасқа келгенде «мен» деген сөзді айта білуге тиіс. Осы сөзді қолдануы оның жаны мен тәнінің біріккенін көрсетеді.

Менің ұйықтағым келіп тұр» деп сөйлейді. Сәби «Мағжан тамақ жегісі келеді» деп сөйлегенде тәні басқа бір нәрсе деп ойлайды. Қазір кабинетіме келетін клиенттерімнің арасында әлі күнге дейін өзі туралы екінші жақта сөйлейтіндер бар. Өзі туралы бұлай екінші жақта сөйлей беретін адам көп ұзамай Каблуковқа түседі. Оларға «Сіз мен туралы айтып жатырсыз ба? Неге екінші жақта сөйлейсіз?» десем, «Жоқ, мен өзім туралы айтып тұрмын» дейді. Осылайша балалық шағымызда алған жан жарақаттары есейгенде грамматикамыз арқылы көрініс табады, — деді Анна Құдиярова.

Дұрыс тамақтанудың 4 белгісі

Психоаналитик Жанар Оспан артық салмақ мәселесіне келгенде, алдымен, «норма» деген ұғымға тоқталу қажеттігін айтады. Бұл адамның тамақты көп ішуінің астарында қандай психосоматикалық проблема жатқанын айқындауға көмектеседі.

«Жаны сау, өз тәнімен байланыс бар адам тамақты физиологиялық тұрғыда қарны ашқан кезде ғана жейді. Күні бойы бірнәрсе жей беру деген әдет жоқ. Дұрыс тамақтанудың екінші белгісі — тамақты тойғанша жеу. Психоэмоционалдық тұрғыда сау адам үшін табақта тамақ қалды ма, әжесі сорпаны үлкен ыдысқа құйып берді ме, біреу «тауысып же» деп айтты ма — маңызды емес. Ол нақты өзінің тойғанын сезеді, сол сәтте тоқтайды. Үшінші белгі — дәм сезу. Физиологиялық тұрғыда қарнымыз ашып тұрғанда тамақтың дәмін өте жақсы сеземіз. Ал егер дәм сезбесек, бұл тойып, артық тамақ жеп жатырмыз деген сөз. Мұның барлығы тым нәзік сезім болғандықтан, байқау, фиксация жасау қиын», — дейді маман.

Жанар Оспанованың айтуынша, балаларда бұл сезім өте жақсы дамыған. Олар сезінеді және соны іс-әрекеті арқылы көрсетеді. Емген кезде сәбидің басын артқа қарай тартуы — тойғандығының айқын белгісі. Ал егер қандай да бір себеппен сәбиді осындайда қинап тамақтандыратын болса, оның дәм сезу рецепторлары бұзыла бастайды. Ол өзінің тойғанын білдіретін ішкі сезіміне сенім артуды доғарады. Сондай-ақ, маман дұрыс тамақтанудың төртінші белгісін атады — тамақ туралы көп ойламау.

Барлығы дұрыс адам артық салмақ үшін алаңдамайды, дәлірек айтсам, онда артық салмақ болмайды. Дүкенге барып азық-түлік таңдағанда немесе қарапайым дастарханнан бір нәрсе алып жегенде өзінің сезіміне жүгінеді, ұнап тұрған нәрсесін ғана таңдайды. Әдетте балалар «Ананы жеймін, мынаны ғана жеймін» деп нақты айтады. Ал бүгінде артық салмақ қосып алатын тұлғалар — бір кездері ата-анасы қалауына құлақ аспағандар.

Оларда «Менің анам/әкем маған не керегін жақсырақ біледі» деген ой тұрады. Баланы бұлай қатаң тәрбиелемей, өз таңдауын жасауға мүмкіндік берсек, мұндай проблемалар болмаушы еді. Олар есейгенде қарынның ашуы мен шарасыздық, қорқыныш, уайым сияқты сезімдерді шатастырмас еді. Өкінішке қарай, көп адам тамақты жағымсыз эмоцияларын бақылауда ұстау үшін жейді, — деп түсіндірді маман.

«Адам жақындары бермеген махаббатты тамақтан алуға тырысады»

Ақтөбелік психолог Ботагөз Тасеменова күйзеліс кезінде кортизолдың іске кірісетінін айтады. Ол ағзада, расымен де, қарын ашқан сияқты сезімнің пайда болуына әсер етеді. Мысалы, адам шекарасын бұзған жанмен ұрысқысы келеді делік. Қандай да бір себеппен ұрыспау үшін аузын тамақпен жауып қоюды жөн көреді.

Көп жағдайда адамдар махаббат, ата-ана, басқа да жақын адамдардың жылуына зәру болған кезде артық салмақ қосып алады. Махаббатты өзіне өзі бере алмайтындай күй кешіп, өзін тамақпен алдайды. Іштегі психоэмоционалдық бос кеңістікті тамақпен толтыруға тырысады, — деді психолог Ботагөз Тасеменова.

Мамандар бірауыздан «Балаңыз 30-50 жасқа келгенде өз тәніне көңілі толсын, өзін жақсы көрсін десеңіз, оған дүниеге келген сәттен бастап бар кемшілік, артықшылығымен қабылдайтыныңызды көрсетіңіз» деген пікірді қолдайды. Сондай-ақ психоаналитик Анна Құдиярова сәбиге өз тәнін анасінікінен ажыратуға әкесімен, ата-әжесімен, тағы басқа жақындарымен ойнаған ойындар көмектесетінін айтады.

«Нәресте өмірінің алғашқы секундтарынан-ақ өзін толық қабылдайтын көздерді көріп, сөздерді естгуге тиіс. Әсіресе, әкелер, сәбилеріңізді көбірек құшақтап, иыққа, басқа отырғызыңыз. Басынан, шашынан сипап, тәнін сезінуге көмектесіңіз. Менің сәбиді бесікке жатқызуға қарсылығым осымен байланысты.

Анасы мен үйдегілері үшін сәбидің күні бойы бесікке жатуы тиімді екенін жақсы түсінемін. Бірақ бұл баланың тым тұйық, ұяң, сезіміне ерік бере алмайтын болып өсуіне әсер етеді. Қаладағы отбасыларда бесік болмауы мүмкін. Бірақ кеңес заманында нәрестелерді қалай жөргекке орағанымызды көп ана мен әже жақсы біледі. Құдды бір конвертке салып қоятындай. Осылай жөргекті қатты орап өсірген балалар өмір бойы тас қапаста жүргендей болады», — деді маман.

Әрі қарай Анна Құдиярова тәнмен байланысты комплекстерден арылу үшін ата-ананың денеге қатысты не айтқанын еске түсіруге кеңес берді. Кейін айтылғандардың ішінен жағымсыз сезім сыйлайтын сыни пікірлерді таңдап алу қажет.

«Мысалы, ата-анасы ересек адамды балалық шағында «мойның жоқ», «белің жоқ» деп кемсітті делік. Әлгі адам есейген соң өл-тіріл сол ата-анасы «құйған қалыпқа» сай келуге тырысады. Ал егер артық салмағының себебі осылай балалық шағында жатқанын түсінсе, қабылдаса, көп ұзамай тәбеті тыйылады, белі, мойны пайда болады.  Адам психикалық тұрғыда өз пікіріне ғана тәуелді болса, өзі қалағандай өмір сүре алады. Егер Ник Вуйчичке әке-шешесі күн сайын «Ойбай, бейшара, қол-аяғың жоқ» деп айта бергенде, оны біз білмеуіміз де мүмкін еді. Меніңше, олар керісінше «сен ақылдысың», «сенің жүрегің жылы», «сенің күлкің әдемі» деген сияқты оның артықшылықтарына екпін түсірген. Бүгінде сенімді азамат болып өсуінің бір себебі осы. Ал біз керісінше баламызда бәрі болса да, оны сынап-мінеп тұрамыз. Әке-шешеңіздің пікірінен алыстап, ең бастысы, жаныңыз бен тәніңіз бірге болсын», — деп кеңесін бөлісті психоаналитик.

Сондай-ақ мамандар кейде артық салмақтың адамдарға жағымды сезім сыйлауы мүмкін екенін айтады. Әсіресе, отбасылық өмірде бәрін бақылауда ұстағысы келетін адам артық салмақ қосып алады.