ГлавнаяБлог

Банк картасы қандай жағдайларда бұғатталады?

Әдетте банк картасы бұғатталған болса, банк сіздің телефон нөміріңізге SMS-хабарлама жібереді. Егер күндердің бір күнінде осындай мәтінмен хат алсаңыз, бірден сары уайымға салынбаңыз. Картаның бұғатталуына бірнеше себеп болады. Соның қайсысы екенін асықпай, аптықтай анықтауға болады.

Есіңізде болсын, бұл айтарлықтай тығырыққа тірелген мәселе емес. Ендеше, банк қандай жағдайда картаңызды немесе есепшотыңызды бұғаттайды? Бұл проблеманы тез шешудің жолы қандай? Осы және өзге сауалдарға бірге жауап іздейік. 

Карта бұғатталды. Не істеу керек? 

Банк картасы — сіздің банк есепшотыңызды қолдануға мүмкіндік беретін құрал. Ол бұғатталса, аударым немесе төлем жасау, қолма-қол ақша шығару уақытша мүмкін болмайды. Бірақ қаражатыңыз ешқашан қолды болмайды. Ол сол баяғы орны — есепшотыңызда жата береді. 

Егер картаңыздың бұғатталғаны туралы хабарлама келсе, бірінші оның рас-өтірігін анықтап алу керек. Мысалы, SMS-хабарламада «Мынадай нөмірге хабарласыңыз» немесе «Мына сілтеме арқылы өтіңіз» дегендей күмәнді сөздер болса, дереу орындауға асықпаңыз. Себебі бүгінде аяқ аттасаңыз, алаяқтық дендеп кеткен. 

Осыған ұқсас мәтіні бар хабарламаларды әдетте фишингпен айналысатындар жібереді. Сондықтан қаржы сауаттылығыңызды арттырып, алаяқтықтың исін алыстан сезетіндей болғаныңыз жақсы.

Егер картаға қатысты қандай да бір мәселе туса, шығарған банктің ресми байланыс орталығына хабарласыңыз. Банк картасының артқы жағын қарасаңыз, ол ақпаратты бірден табасыз. Болмаса, банктің сайтына кірсеңіз, жетіп жатыр. Ең дұрысы — контактілер тізіміне қосып, нөмірін сақтап қойыңыз. Call-орталыққа хабарлассаңыз, картаңыздың бұғатталған-бұғатталмағанын нақты айтып береді. Егер шынында блокталса, оған не себеп болғанын да сол жерден біле аласыз.

Бұғаттаудың қандай себептері бар?

1, Ең жиі кездесетін себеп — ПИН-кодты үш рет қате теру. Кейде миымыздан тарс шығып, айналдырған төрт саннан тұратын комбинацияның өзін ұмытып қалып жатамыз. Сөйтіп, бірнеше нұсқаны басып көруіміз мүмкін. Егер үшінші ретте де дұрыс емес терсеңіз, онда сіз карта иесі болсаңыз да, «алаяқ» деген күдікке ілініп, нәтижесінде картаңыз бұғатталады. Банкоматта кімнің теріп жатқанын білмегендіктен, банк бәрінің алдын алу үшін блок қойып тастайды. Сөйтіп, телефон нөміріңізге SMS-хабарлама немесе мобайл қолданбаға push-хабарлама келеді. Негізі сізге қандай жолмен ескерту жіберілетіні келісімшартта анық көрсетіледі. Осындай жағдайға тап бола қалсаңыз, банкке хабарласып, мәселені шешудің жолын сұрастырыңыз.

2, Алаяқтық болуы мүмкін екенін сезгенде де, банк дереу бұғаттап тастайды. Белгілі бір операция секем туғызатындай болып көрінсе, төлем жасауды не аударымды уақытша тоқтата тұрады. Мұндайда банк бірден сізге хабарласып, мән-жайды анықтауға тырысады. Ірі көлемде ақша аударымын бірнеше рет жасап жатқан болсаңыз, нақты өз еркіңізбен істеп жатсыз ба, әлде алаяқтар иемденіп алды ма — соны анықтайды. Кейінгі кездері банк менеджерінің атын жамылып, күмәнді операция жасап жатқаны туралы хабарласып, ақшаңызды өз есепшотына аударып алатын алаяқтар көбейді. Сондықтан барынша сақ болыңыз. Қоңырау шалса, алғыс айтып, кері хабарласатыныңызды жеткізіңіз де, банктің жедел желісіне өзіңіз шығыңыз. Банк қызметкері мұндайда сіздің нақты карта иесі екеніңізге көз жеткізу үшін өзіңізге ғана мәлім бірер ақпаратты сұрайды. Мысалы, картаны кейінгі рет қайда және не үшін қолданып, қандай сомаға төлем жасағаныңызды немесе келісімшарт жасасқанда айтқан құпиясөзді атауыңызды сұратуы мүмкін.  

3, Кейде банкомат картаны «жұтып» қояды. Оған себеп басында айтқандай ПИН-коды бірнеше рет қате теруден бөлек, банкомат аяқ-асты істен шығып қалғанда немесе әлденеге алаңдап картаны алуға ұмытып кеткен кезде де осы жағдай болуы мүмкін. 

Егер банкомат картаны «жұтып» қойса, cancel батырмасын бірнеше секунд басып тұрыңыз. Сонда банкомат картаңызды қайтарады. Ал соның өзінде карта шықпаса, банкке хабарласыңыз. 

Техникалық ақаудың салдарынан кейде «кері қайту» батырмасын баспағанда шықпаған карта сіз ол жерден кетіп қалған соң шығуы да мүмкін. Ондайда сол банкоматқа сізден кейін келген адам картаны алып үлгеріп, төлем жасауы да ғажап емес. Сондықтан карта қолыңызда жоқ болса, оны бірден бұғаттап тастаған жөн. Мобайл қолданба арқылы немесе банктің жедел желісіне хабарласып жасауға болады. 

4. Картаңыз қолды болды дейік. Сіз оны бірден білмеуіңіз мүмкін. Сөмкеде екен деп ойлап жүрсеңіз, бір кезде мобайл банкингтен төлем жасалған сома көрсетілген хабарлама келді. Зат сатып алып жатқан сіз емес екені анық. Демек, картаңызды біреу тауып алған не ұрлап кеткен. Бүгінде пин-код терместен төлем жасай беруге болады. Қанша жерден қолайлы болғанымен, осындай кемшілігі бар. Әрі мұндай жағдайда картаны дереу бұғаттап тастамасаңыз, банк көбіне әлгі операциялар үшін жауап беруден бас тартады. Айтпақшы, картаңызды жоғалтып алсаңыз, пин-кодын білмесе де, тапқан адам интернет арқылы емін-еркін картаңызбен есеп айыра алады. Өйткені карта — қолда, барлық мәлімет те солай. Алдыңғы жағында нөмірі, шыққан күні, иесінің аты-жөні тұр, артында онлайн төлемдер жасауға арналған CVV-код бар. Сол себепті картаны жоғалтып алсаңыз, дереу жаңасына тапсырыс беріп, ескісін бұғатқа қойыңыз. 

5. Енді бірде картада тұрған еш мәселе жоқ, бірақ есепшотыңыздағы ақша бұғатталады. Сомасы орнында тұрғанымен, төлем жасайын десеңіз, болмаса қолма-қол ақша шығарайын десеңіз, шығара алмайсыз. Мұндай жағдай көбіне сот шешімі арқылы есепшотқа тыйым салынғанда болады. Былайша айтқанда, сіздің есепшотыңыз тұтқынға алынды деуге болады. Ал оған бірнеше фактор әсер етеді. Біраз уақыттан бері кредиттің мерзімін кешіктірсеңіз, айыппұлды төлемей жүрсеңіз, коммуналдық қызмет үшін қарызыңызды бермей жүрсеңіз міндеттемені орындатудың өзге амалы қалмайды. Сол себепті шотыңызға бұғат қояды.  Сізге наразы тарап сотқа жүгініп, мәселені солай шешуден өзге амал қалмағанда есепшотты бұғаттауды сұрайды. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, мұны кімнің жасағанын банктен біле аласыз. Болмаса, мобайл қолданбада да ақпарат тұрады. Қарызыңызды толық төлеген соң ғана 3 жұмыс күні ішінде есепшотыңыз қайта «тіріледі».

6. Алдыңғы мәселенің жалғасы ретінде есепшот түрлеріне қарай бұғаттауға болатын және болмайтын түрлері бар екенін есіңізге саламыз. Банк жалақы түсетін есепшотты әлгіндей себептермен бұғаттауға толықтай құқылы. Өйткені жалақы картасының әдеттегіден еш айырмашылығы жоқ. Ал енді мемлекеттік жәрдемақы, әлеуметтік төлем, алимент алатын немесе білім беру жинақ шоттарын ешкім бұғаттай алмайды. Өйткені ондай арнайы есепшоттағы қаражатты күштеп ешкім шешіп ала алмайды, тыйым да сала алмайды. 

Карта бұғатталса, ақша шығара аламын ба?

Бұғатталған карта мәселесіне тап болғандар енді қайттім деп, ақшасын ойлауы — заңдылық. Сондай-ақ жаңа карта шыққанда жарататын қолма-қол ақша керек болады. Егер есепшот емес, карта ғана бұғатталған болса, онда оның жарасы жеңіл. Бірнеше жолмен шешіп алуға болады:

  • Картаны қайта шығару. Әлбетте, бұл бірнеше күнге созылуы мүмкін. Бірақ қазір банктер жұмысын жеңілдетіп жатқандықтан, кейде ұзақ күттірмей демде шығарып беретіндері бар. Санаулы секундта карта әзірлейтін картоматтар барын білетін боларсыз. Кейде банк қосымша ақысын төлеп, жедел жасатын тәсілді де ұсынуы мүмкін.
  • Ақшаны банк кассасынан шешіп алуға болады. Есепшотыңыз бұғатталмаған болса, мәселе жоқ. Тек банк бөлімшесіне дейін баратын уақыт пен қаражат болса, жеткілікті.
  • Мобайл қолданба немесе банк сайтындағы жеке кабинет арқылы есепшоттағы ақшаны өзге есепшотқа аударып алуға болады. Егер сіздің банкіңізде мұндай мүмкіндік қарастырылмаса, бөлімшеге баруға тура келеді. Тек кей банк аударым жасағаны үшін комиссия ұстауы мүмкін және комиссия мөлшері әр банкте әртүрлі екенін де ескеріңіз.•    Комиссия аударым жасау үшін сол банктің картасын есепшотқа байлап қоюға болады. Мұндай мүмкіндік кей банкте бар, кей банкте жоқ. Анық-қанығын білу үшін банктің жедел желісіне хабарласыңыз.