ГлавнаяБлог

Жанар Оспанова: Адам еш уақытта өзгені өзінен артық жақсы көре алмайды

Психоаналитик патологиялық тәуелділік, шынайы махаббат пен жеке кеңістік жөнінде туындайтын проблемалардың себебін түсіндірді

— Ересек махаббат дегеніміз не? Оның басты құрылымы қандай?

— Бүгінгі таңда «махаббат» сөзінің мазмұны өзгеріп бара жатқан сияқты. Өкінішке қарай, көп жағдайда адамдар ең теріс деген әрекеттерін осы «махаббат» сөзімен ақтап алуға тырысады. Мысалы, физикалық, моральдық зорлық-зомбылық бар отбасында өмір сүріп жатқан әйелден не ерден «Неге мұнша өзіңізді қинайсыз?» деп сұрасаңыз, «Себебі, жақсы көремін, бұл — махаббат. Ал «ажырас» деп тұрған сіз тасжүрексіз» деп ұялтып тастауы мүмкін. 

Шынайы, ересек махаббат — екінші адамды бар қалпында қабылдау, оның бақытты болуын, жан-жақты дами түсуін тілеу. 

Әсіресе, өзгертпей қабылдау — басты компоненттердің бірі. Бірақ мұнда қабылдаған адамға қатысты ешқандай физикалық, моральдық зорлық-зомбылық болмауы керек. Сондай-ақ біз өзімізді қаншалықты жақсы көрсек, өзімізге қаншалықты бақыт пен дамуды тілесек, оны өзгелерге сол мөлшерде ғана тілей аламыз.

Әділетті болғанымыз абзал — ешнәрсе жайдан жай болмайды. Егер біреу біздің жанымызды ауыртса, оған себеп бар деген сөз. Демек, біз де сол деңгейде ол адамның жанын жараладық. Ал егер бізге осындай күш көрсететін, балағаттайтын, ешқандай сый-құрмет жоқ отбасында қала беретін болсақ, екінші адамның рухани өсуіне кедергі жасаймыз.

Керісінше нүкте қойып, екінші адамның өзінің теріс әрекеттері туралы ойлайтындай жағдай жасасақ, онда оны шын жақсы көргеніміз. Әлбетте, бұдан сабақ алып, алмайтынын екінші адам өзі шешеді. Біз ешкімді күштеп өзгерте алмаймыз. Сонымен қатар ересек махаббат бар жерде қалыпты тәуелділік болады.

— Ал қалыпты және патологиялық тәуелділіктің ара-жігін қалай ажыратамыз?

— Алғашқысында жұптар қосылғанға дейін өзін қалай сезінсе де, кейін психоэмоционалдық жай-күйі жақсара түседі. Бір-бірін артықшылығымен, кемшілігімен қатар қабылдап, дамуына жағдай жасайды. Ең бастысы, жеке кеңістігіне сыйластық танытады. Ал патологиялық тәуелділік ұрыстан басталып, физиологиялық зорлық-зомбылыққа дейін ұласады. Сондай-ақ ішімдік ішу, есірткі пайдалану сияқты химиялық тәуелділік те болуы мүмкін. 

Алғашқы консультациядан-ақ ана мен бала және ерлі-зайыпты қарым-қатынасының қандай тәуелділікке құрылғанын көруге болады. Мысалы, теріс тәуелділік кезінде терапияға екі емес, бір адам келіп отырғандай күйде боласыз. Өйткені бақылау жасағанды ұнататын біреуі екіншісіне өз пікірін білдіруге мүмкіндік бермейді. Екіншісі өз кезегінде «рөліне» сай үнсіз қалып, қайта-қайта жалтақтап отырады. Бір-бірінен ақылға қонымсыз іс-әрекеттер күтіп, ата-анасына айналдырады. Егер белгілі бір себеппен балалық шақтағы симбиотикалық қарым-қатынасқа қатысты мәселелер шешілмеген болса, онда есейе келе шекара сақтаумен қиындық туындайды. 

— Әдетте патологиялық тәуелділікте бір адам екіншісін құтқаруға тырысады. Бұл қаншалықты көмектеседі?

— Шындап келгенде, бұл мүлдем көмектеспейді. Көп жағдайда әйел адамдар маскүнем күйеулерін терапияға сүйреп әкеліп, кейін оның үстінен шағымдана бастайды. «Мен балаларымыздың тыныштығы үшін, отбасымыздың берекесі үшін ішімдік ішпеуін қадағалаймын, ал күйеуім болса, бәрін құртып жүреді» дегендей.

Ал ер адамдар керісінше ұрыс-керістен шаршағанын, әйелінің адуынды мінезінен қорқатындықтан ішетінін айтады. Мұндай жағдайда әйел адамның бақылауды күшейтуі мүлде көмектеспейді. Өйткені бұл бейсаналы «Сен жауапкершілігі жоқ баласың, тұлға емессің. Сол себепті бәрін мен шешемін» дегенді білдіреді, яғни күйеуінің анасына айналып отыр. 

Осындай шектен тыс бақылау мен қызғаныштың әсерінен адамдар опасыздық жасап жатады. Опасыздық жасағаннан кейінгі сезім мен көңілдесінің болуы белгілі бір деңгейде тәуелсіздік сезімін сыйлайды. Егер тәуелді адамның бұл «індетінен» айыққанын қаласаңыз, оған кеңістік беріңіз. Жеке қалауы мен пікірін сыйлаңыз. 

— Отбасылық өмірге қадам басқаннан кейін тәуелділік теріс деңгейге өтіп кетпеуі үшін не істей аламыз?

— Ерлі-зайыптылар бір уақытта қос егіздің сыңарындай бір болуға, екінші жағынан тәуелсіз болуға ұмтылады. Бірақ әр адамда жеке кеңістік деңгейі әртүрлі. Біреуге жарты метр ара-қашықтық алыс болып көрінсе, енді екіншісіне бірнеше шақырым ара-қашықтық тиіп тұрғандай болып көрінеді.

Қыз бен жігіт алғаш жүре бастаған күннен-ақ осы ара-қашықтық, шекараны айқындауға кіріседі. Ал жеке кеңістік туралы ұғымы бір жандар бақытты болады. Екеуі де бір-бірін еркелетіп, қайда барса да, бірге жүруді ұнататын жұптар бар. 

Өздері екі түрлі мемлекетте білім алып, бала-шағасы ата-әжесінің қолында өсіп жатқанда өзін комфортта сезінетін жұптар да кездеседі. Ал осы жеке шекара туралы түсінік неғұрлым алшақ болған сайын конфликт соғұрлым көп болады. Біз отбасылық өмірде балалық шағымызда шешілмеген конфликтілерді проекция жасаймыз. 

— Әке-шешесі маскүнем болған адамның өзі немесе жұбы міндетті түрде сондай бола ма? Проекция жасау үшін бейсаналы ата-анамызға ұқсайтын жандарды таңдаймыз ба?

— Бұл адамның ақыл-парасат деңгейіне байланысты. Егер бейсаналы сценарий жүзеге асатын болса, онда ақырында әке-шешесі сияқты тәуелділіктің құрбаны болады. Тағы бір екінші сценарий — бала өмір бойы әке-шешем сияқты болмайын деп гипер белсенділік танытады, салауатты өмір салтын сақтайды, спортпен шұғылданады.  Үнемі ішімдіктен қашып, күйеуінің не әйелінің көп ішіп қоймауын қадағалайды. Бірақ бұл да ақыры осындай тәуелділікке алып келеді. Өмір бойы арпалысып өтеді. Әрине, мұндай сценарийдің алдын алуға болады. Ол үшін анализ жасай білсе, игі. Неге бұлай болып жатқанын түсінгенде барлығы шешіле түседі. 

Тек мұндай емес, бақытты отбасында тәрбиеленген ересектер де шағымданып келеді. Олардың бар қиындығы — идеал отбасында, идеал ата-анамен тәрбиеленгенінде. Отбасылық өмірде бәрі тура солай болады деп ойлайды. Бірақ әр адамның мәдениеті басқа, барлығы біз ойлағандай бола бермейді. Күйеуі немесе әйелі ата-анасы сияқты асты-үстіне түспеген кезде, «Мені жақсы көрмейді» деп ойлайды. Сол себепті бақытсыз да, бақытты да отбасынан шыққан адамдар бақытты бола алады.

Ал осы теріс отбасылық сценарийді өзгерте алған жұптарды бірге ұстап тұратын не нәрсе?

— Біз қарым-қатынаста міндетті түрде бір-бірімізге проекция жасаймыз. Өзіміз қабылдай алмаған кемшіліктерімізді, жаман жақтарымызды серігімізге телиміз. Өзіміздің ішімізде барды сүйіктіміздің бойынан көре бастаймыз. Ажырасып кетуіміздің де бірден-бір себебі — осы. Өйткені проекция жасаған кезде міндетті түрде сын айту, мұқату, келемеждеу болады. 

Осы проекция әсерінен бір шаңырақ астында 40-50 жыл бірге тұрған жұптар бір-бірін өмір бойы танымай өтеді. Әрине, танысу фазасы кезінде түсініспеушіліктер, ұрыс деген болады. Бірақ дәл осы сәтте сүйіктіңнің бойынан өзің құрметтейтін, қолдайтын жақсы бір қасиетті табу, кемшіліктеріне көз жұма қарау маңызды. Бізді бірге ұстап тұратын ең мықты фундамент — ортақ мүдде мен арманның болуы. Сол үшін адамның арманы туралы сұрап, оған бірге сенім арту маңызды. Ал келемеждеу, қолынан келмейді деп ойлау араны алшақтата түседі.