ГлавнаяБлог

NFC президенті Нұрбек Қарабала: Қазақстанда ММА индустриясын құратын кез келді 

NFC турнирін бір секундта 70 адам, ал 4 сағаттық ивентті 1,5 миллион көрермен тамашалайды

— NFC 34 турнирі жайында айтып өтсеңіз. Жанкүйерлер «Ең керемет кард болды» дейді. Сарапшылардың да бағасы жоғары. 

— NFC 34 турнирі Алматы инфрақұрылымының алды саналатын «Алматы Арена» спорт кешенінде өтті. Турнир кард жағынан да, матчмейкиң жағынан да өте мықты болды. Көп көрермен 13 жекпе-жектің 12-сі мерзімінен бұрын аяқталғанын атап өтті. Спортшылар көптен бері жанкүйерсіз сегізбұрышқа шығып, қолдауды сағынып қалған. Олар халықтың алдында өзін көрсетіп, айқайлаған сайын жігерлене түсті деп ойлаймын. Жауынгерлер қорқақтамай, артқа қашпай жұдырықтасты. Біздіңше, турнир жоғары деңгейде өтті. Ешқандай проблема болған жоқ.

Басты жекпе-жекте Арман Әшімов пен Серік Разғалиев шықты. Арман 2 жылдан бері жекпе-жек өткізбегендіктен халық оны әбден сағынып қалған. Әдемі жекпе-жек болды, қарсыласын әдемі құлатты. Айқаста толық басымдыққа ие болды. Ал Серік пен қырғыз файтері Бекзат арасындағы кездесу тартысқа толы болды. Серік бір-екі рет нокдаун алды. Бірақ тәжірибесінің арқасында жеңісті жұлып әкетті.

— Арман Әшімовті NFC-ден тағы көреміз бе?

— Арманмен бір реттік келісімшартқа отырдық. Бірақ болашақта тағы шақырамыз деген ой бар. Арманның өзі де қарсы емес. Арман ертең шығамын десе де, ұйымдастырып беруге дайынбыз.

— Жарыстың деңгейі көңіліңізден шықты ма?

— Жоғарыда айтқанымдай, көңілден шықты. Әрине, турнир барысында қателер болды. Біздің компанияның философиясы – қатемізді жасырмаймыз, керісінше одан сабақ аламыз. Одан қорықпаймыз. Сондықтан әр қатені түзеп, одан капитал жасаймыз. Оларды қағазға түртіп алдық.

— Карантиндегі алғаш рет көрерменмен өткен турнир. Жанкүйерлер ММА-ді қаншалықты сағынған?

— Турнирге деген сұраныс жақсы болды. 3500-4000-ға жуық жанкүйер келді. Әркім өз спортшысына қолдау көрсетіп жатты. Бір айта кететіні, көрермендерді Ashyq жобасы арқылы кіргізіп отырдық. Демалыс күні болғандықтан, санитария нормасына сай турнирге тек «жасыл»деңгейі бар адамдар кіре алды.

— Өзім турнирде болдым. Өте жоғары деңгейде өтті. Жарысты ұйымдастырушылар шетелде тәжірибе жинап келген маман іспеттес. Жарық, сәндеу, ұйымдастыруға кім жауап береді?

— Компанияда спортшылардан басқа шетелден келген мамандар жоқ. Көбі Қазақстанда жоғары деңгейлі ивент жасай алмайды деп күмәнмен қарайды. Ал, шындығында сол турнирді ұйымдастырып жатқан — өзіміздің қазақтың балалары. Жалпы, спорттық бизнестегі мамандарды өзіміз тәрбиелеп жатырмыз.

— Турнирді өткізу үлкен жауапкершілік. Оның өз қиындығы, ұйымдастыру жұмыстары бар. Бірақ ең маңыздысы – ақша. Турнирге қаржыны қайдан аласыздар?

— Әзірше, осынша пайда түсті деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Бірақ бізді қолдайтын серіктестеріміз бар. Біз аузымызды айға қаратып, қолымызды жайып отырған жоқпыз. Бизнес болғандықтан табыстың көзін іздейміз. Нарықты зерттейміз, сараптама жасаймыз. Біз жекпе-жектерді өткізіп қана қоймай, Қазақстанда ММА индустриясын құрып жатырмыз. Ол үшін жаныңда ісіңді жалғастыратын жастар мен кәсіби мамандар болуы керек. Сол мамандарды дайындау үшін серіктесіміз DAR Team компаниясымен грант жарияладық. Қазақстанның 11 өңірінен 120 өтініш түсті. Оның ішінен 20 адамды іріктеп, 2021 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың мамырына дейінгі аралықты қамтитын оқу бағдарламасын бітіру керек. Оның ішінде: қазақ және ағылшын тілдері, цифрлық сауаттылық, спорт менеджменті, ораторлық шеберлік, тайм-менеджмент, цифрлық психология, эмоционалды интеллект, маркетинг негіздері және тағы басқа пәндерді оқиды.

Бүгінде ММА елімізде жақсы дамығанымен оны толық түсінетін адамдар санаулы. Тіпті, кейбір журналиске де түсіндіруге тура келеді. Ал тағы біреулер ережесіз жекпе-жек пен аралас жекпе-жектің ара-жігін айыра алмайды. Сол үшін мықты мамандарды табу қиын.

— Дәл қазір NFC лигасы шығынын өзі жаба алатын деңгейге жетті ме?

— Қазақстанда ғана «Қашан ашылдыңдар?», сосын «Қашан жабыласыңдар?» деп сұрайды. «Ақшасы қашан таусылады екен?» деп ойлайды. Оның үстіне, бір қап ақшаны шашып жүргендей көреді. Нақты іске келетін болсақ, бұл – бизнес. Бұл да -мейрамхана сияқты бизнестің бір моделі. Әрине, болашақта осы салада пайда тапқымыз келеді. Өйткені біздің компаниямызда 200-ге жуық адам жұмыс істейді. ММА-ді көңіл-көтерудің бір жолы емес, үлкен бір индустрия деп қабылдау керек.

— NFC 34 турнирін теледидардан көрсетпеді. Алыстағы жанкүйерлер жарысты YouTube-тен көрді. Лига телевизиямен байланысқысы келмей ме?

— Шетелде жанкүйерлер турнирді көру үшін трансляцияны сатып алып жатады. Болашақта мұндай идея ойда бар ма? Біздің көрермен трансляцияны сатып ала ма?

Әлемдік деңгейде алып қарасаңыз, спорт — ең ірі индустрия. Олимпиада – сол индустрияның шыңы. Мықты бизнес. Ал біз болсақ, әлі күнге дейін Үкімет көмектесуі керек деп жүрміз. Олай болмауы керек. Әркім өз саласының кәсіби маманы болып, дамытуы қажет. Сонда ешкімнен ақша сұрамайсың.

Халық түпкі мақсатымызды түсініп, турнирге көп келсе екен дейміз. Ресейде турнирге 500 мың рубль тұратын билеттер сатылған. Ал бізде 3000 теңгенің билетін қымбатсынып, тегін кіргісі келетіндер бар. Бұл жарамайды. Халыққа ұнайтын, керек затыңды сатып алу керек екенін түсіндіру керек. Спорт ұнай ма? Оның дамығанын қалайcың ба? Турнирді көргің келсе, билетті сатып алып кіру керек. Қолдау көрсетем десе, Naiza-ның мерчтерін сатып алыңыз. Болашақта ақылы трансляция жасасақ деген ой бар. Мүмкіндігінше қарапайым халыққа қолжетімді бағада жасаймыз, бірақ соны сатып алуға үйрену керек. Әйтпесе, ақша таусылғанша жұмыс істеп, сосын қош айтысуға тура келеді. Халықтың қолдауы аса маңызды, бұл промоушнді ұлттық өнім ретінде тану керек және бұл өнімді әлем танығанда, ел ретінде біз ұтамыз.

Бизнесменнің ерекшелігі табыс таба білуінде. Өз ісімізге сенбесек, өзімізге сенбесек, ештеңе өнбейді. Кезінде UFC Бразилияға келгенде халық трансляцияны сатып алып көру мәдениетін түсінбеді. Бірақ уақыт өте оған да үйренісіп кетті.

Бізде трансляцияны сатып алуға дайын ба? Біздің көрермендер әлі PPV-де сатып алуға дайын емес. Дегенмен түсіндіру жұмысын жасау керек.

Танымал болудың тағы бір жолы — өзіміздің батырларымызды шығару. Федор Емеляненкоға келейікші, оны басында ешкім таныған жоқ. Тек Жапонияға барған соң Ресейде танымал болды. Өкінішке қарай, ТМД елдеріндегі принцип осындай. Танымал болу үшін шетелді мойындатуың керек.

— Қазақстанда кәсіби спортты бизнеске айналдырып, табыс таба алатын менеджерлер жоқтың қасы…

— Аспаннан алып, ойдан шығаратын дүние емес. Біздегі әуесқой спортта кілең шетелден келген менеджерлер жұмыс істейді. Спортты бизнестің бір моделі ретінде әлем мойындап қойған. Оны дамытудың қағазға жазылған жоспары да бар. Бірақ біз соны жасай алмай жатырмыз.

— Қай файтер болашақта NFC-дің бренді бола алады?

— NFC-де әр салмақтың өз көшбасшысы бар. Оның төртеуі — чемпион. Елдар Құдайбергенов, Әліби Ыдырыс, Айжігіт Еркебайұлы және Николай Самусев.

Әліби Ыдырыс — бір жыл бұрын электрші болып жұмыс істеген бала. Бірақ еңбектеніп, қиындыққа мойымай арманына жетті. Қазір Ақтөбеде әрбір бесінші бала соған ұқсағысы келеді.

Бізде 80-ге жуық файтер бар. Олардың әрқайсысы батыр. Октагонға дейін жүріп өткен жолы, жекпе-жекке шығуының өзі – ерлік. Ал олардың медиа алаңда танымал болуы өздеріне байланысты.

Маған жігіттер келеді. «Аға, жекпе-жекке осынша ақша алғым келеді, өйткені менің қабілетім мықты», — дейді. Сөздің ашығы, арасында дарынды жігіттер бар. Соққысы мығым. Ұрғанын құлататындар. Бірақ сыйақыны тек бұл көрсеткіштерді ескеріп бере алмаймыз. Оның рейтингі бар. Танымалдығы да үлкен роль ойнайды. Сондықтан жауынгерлер қабілетіне ғана емес, оның танымалдығына да мән беретінімізді түсінуі керек. Рейтинг өсіп, беделі артқан сайын алатын ақшасы да көбейеді.

— Лигаға қай спортшыны шақыру керегін өзіңіз шешесіз бе?

— Компанияда 200-ге жуық қызметкер бар дедім. Оның 30-ға жуығы кеңседе жұмыс істейді. Қызметкерлер, матчмейкерлер, компанияның негізін қалаушы Алидар Болатұлы бар – бәріміз отырып кім қызық, кімге мүмкіндік беру керегін шешеміз. Сондықтан бұл — командалық шешім.

— Бүгінде Қазақстанда лигалар арасындағы бәсекелестік қандай деңгейде?

— Қазақстандық лигалар дұрыс ақша таппаса, қандай бәсекелестік туралы айтуға болады? Бәсекелестік жоқ. Бұл бизнеске айналмай, ақша таппай бәсекелестік жөнінде айтудың мәні жоқ. Қазақстандағы бес-алты лигамыз еліміздегі ММА спортының дамуы үшін көп жұмыс істеп жатыр. Ал олардың қайсысы мықты екенін халықтың ықыласы шешеді.

— Үкімет тарапынан кәсіби ММА-ге қолдау бар ма?

— Біз жарыс өткізетін өңірлердегі әкімдіктермен тығыз жұмыс істейміз. Біздің жұмысымызды бағалап, оның маңызын түсінетіндер қолдау көрсетеді.

Біздің турнирді бір секундта 70 адам, ал 4 сағаттық ивентті 1,5 миллион көрермен тамашалайды. Оның 60%-і — қазақстандықтар. 12-25 жас арасындағы жастардың үлесі — 30%. Бұл — үлкен күш. Идеологиялық мықты алаң. Жастар кімді тыңдайды? Жастар қоғамның алды болып жүрген спортшыларды тыңдайды әрі соларға еліктейді. Сол спортшылар арқылы жастар тәрбиеленеді. Ал бұл әр өңірдегі әкімдікті алаңдататын сұрақ болуы керек.

— Спорт тек қызық қуу емес, қоғамдық маңызы бар жоба екенін де түсінсе…

— Біздің философиямыз ақшада емес, болашақ жастарды тәрбиелеуде. Болашақ мені неге алаңдатады? Өйткені менің балаларым сол заманда өмір сүреді. Егер біз қолымыздан келіп тұрғанда 19 миллионның 1 миллионына болсын дұрыс жолды көрсетсек дейміз. Қазақтың Роналдиньосын, Мессиін шығаруымыз керек. Өйткені ертең олар ізін қуатын мыңдаған балаға үлгі болады. Осындай батырларымызға қарап балалар спортқа келеді.

Біздің жұмысымыз қоғамдық және әлеуметтік бағытты да қамтып отыр. Оған жарқын дәлел — Шыңғыс Қайранов. Кезінде полицияда тіркеуде тұрған. Спортқа келген соң бар энергиясын сегізбұрышта қалдырады. Қазір Маңғыстау өңірінде спорт академиясын ашты.

— Бразилияда футбол — жарқын өмірге жетелейтін бірден-бір жол. Спорт біздің ауылдарда қоғамдық лифтке айнала ала ма?

— Футболдан өспейміз. Гольфтан өспейміз. Бірақ біз ММА-ден әлемнің алды боламыз. Спортты әр өңірде дамыту керек. Ильдар Құдайбергенов деген чемпионымыз 8 жыл темір тордың арғы бетінде отырған. Ол жақта өзін-өзі жоғалтпай, бар жігерін қолына жиып, күш-қуатын спортқа жұмсады. Әйтпегенде, ол не істей алатын еді?

— Жанкүйерлерді NFC 35 турнирінде қандай жаңалық күтіп тұр?

— Қазақ қалай таң қалады? «Ойбууу» дей ме? Дәл сондай «ойбуу» кард болғалы жатыр. Өте тартысты жекпе-жектер өтеді. Барлығы 15 айқас жоспарланған. Оған қоса, греплингтен Артем Резников пен Мариф Пираев арасында жарқын жекпе-жек болады. 35-турнирді тамашалауға 26 қараша күні «Алматы Аренаға» келіңіздер.