ГлавнаяБлог

Барған жерінен жүлдесіз қайтпайтын Қазбек Сағын

11 маусымда Алматыда өтетін Naiza 40 турнирінде Қазбек Сағын Арменияның үміті Варшам Геворгянмен жұдырықтасады

— Қазбек, ММА-ге қалай келдіңіз? Қоян-қолтық ұрыспен шұғылдағаныңызды білеміз.

— Иә, 2011 жылы қоян-қолтық ұрыспен шұғылдана бастадым. Кейін бапкеріммен ММА-ге ауысамын деген жоспар қойдық. Бірақ оған дейін қоян-қолтық ұрыста жетістікке жетіп, мақсатымызды орындауымыз қажет болды. Әлем чемпионатын жеңіп, Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері атанған соң толық ММА-ге көштім.  2021 жылы кәсіби ММА-ге келіп, екі жекпе-жегімде жеңіске жеттім.   

— Келесі жекпе-жегіңізде Naiza 40 турнирінде өткізесіз. Қарсыласыңыз армениялық Варшам Геворгян (10-5) болмақ. Ол туралы не айтасыз?

— Қарсыласымның бұрынғы жекпе-жектерін қарап шықтық. Бапкеріммен жоспар құрдық. Жекпе-жекке тактика жасап, қалай жұдырықтасатынымды ақылдастық. Бұған дейін екі жекпе-жегімді уақытынан бұрын аяқтаған едім. Бұл жолы үш раундқа созсақ деген жоспар бар. Айқаста бар өнерімді салып, үш раунд жұдырықтасып көрмекпін.

Варшамның күресі мықты. Физикалық тұрғыдан шымыр. Бірақ мұның бәрін жекпе-жекте көре жатармыз. Ал өз басым, бар өнерімді паш етуді жоспарлап отырмын. 100% емес, 200%-ға дайынмын.

— Үш раунд өткізсем дейсіз. Оған физикалық тұрғындан дайынсыз ба?

— Үш емес, 10 раундқа дайынмын. Жекпе-жекке жақсы дайындалдым. Нағыз бабыма келіп тұрмын. 

— Жекпе-жекке дайындап жатқан жаттықтырушыңыз кім?

— Жеке бапкерім – DAR TEAM командасының бас бапкері Әзиз Разыев. Қазір соның қол астында жаттығып жүрмін. Тай-бокстан Вадим бапкерім бар. Күрестен Эдуард Базров жаттықтырады.

Жекпе-жек уақытында менің бұрышымда Әзиз Разыев пен Эдуард Базров тұрады. Өйткені жекпе-жек кезінде «стойкада» да, «партерде» де кеңес беретін адам қажет. Кейде спортшы қиын жағдайға түсіп қалғанда бұрыштағы адамның кеңесінен оңай шығып кетуі мүмкін. Спортшы тыңдай білуі керек. Жекпе-жек кезінде эмоцияға беріліп, залдың шуынан бапкеріңді ести алмауың мүмкін. Бірақ мен барынша бапкерлерімнің кеңесіне құлақ асып, айтқанын орындауға тырысамын.

— Дайындығыңызды қалай өткізіп жатсыз? Шетелде, әлде елде? Бокс, күрес сияқты ММА-дің қай аспектісіне көбірек көңіл бөліп жатырсыз?

— Оқу-жаттығу жиыны 3 кезеңнен тұрды. Басында физикалық тұрғыдан дайындалдым, функционал жағынан жаттықтым. Бір жиынды Алматының тауында өткіздік. Жаттығу жиынында ММА-дің барлық аспектісін дайындадым деп айта аламын. Біреуін бөліп-жарып жаттықтым демеймін. Толыққанды дайындық жұмысы өтті. Ең бастысы, жекпе-жекке дейін жарақат алмасам деген ниет бар. Спортшы үшін жарақат өте қауіпті ғой.

Жекпе-жекке дайындық барысында ең қиыны салмақ қуу дейді. Сізге қалай?

— Былайша айтқанда, өмір бойы салмақ қуып келеміз ғой. Әрине, салмақ қуудың өз қиындығы бар. Ең бастысы, өзіңмен күресу. Мен үшін аса бір қиын дей алмаймын, бірақ күрделі кезеңнің бірі. Осы уақытқа дейін 8 келі салмақ қуып келемін. Жекпе-жекке 53,10 келімен шығамын. Құдай қаласа, салмақты жасаймын.

— Психолиялық тұрғыдан салмақ қуу ауыр шығар…

— Иә, қиын. Салмақ қуу кезінде кез келген нәрсе ашуыңа тие бастайды. Қалыпты дүниенің өзі ашуыңды келтіретін кез болады. Тамақтан тыйым бар, режим де қатаң. Қайткенмен, сабырлық қыласың. Сөзбен түсіндіру қиын.

Naiza 40 турнирінде осымен екінші жекпе-жегіңізді өткізесіз. Жоспар бойынша биыл октагонға неше рет шығасыз?

— Биыл үш-төрт жекпе-жек өткізсем деген жоспар бар. Жылдың соңына дейін екі рет октагонға шықсам деймін.

Әуесқой ММА-де де, қоян-қолтық ұрыста да жеңісіңіз аз емес. Осы жеңіске жетудегі еңбек пен сәттіліктің пайызы қандай?

— Бірінші орынға еңбекті қояр едім. Сәттілік дегеніміз – бұйырғаны ғой. Бірінші кезекте еңбектену қажет. Егер нәтиже болмай жатса, бір нәрседен кемшілік жібердің деген сөз. Оны іздеп, түзеп, дамытып, еңбектеніп қана жетістікке жетуге болады. Ең бастысы – еңбек, сосын сәттілік.

Спорттық режимді жиі бұзасыз ба? Оны бұзған жағдайда өзіңізді жазалайсыз ба?

— Әрине, адам болған соң кейде бұзып жатамыз. Бірақ режимді сақтауда бапкерлерімнің атқаратын ролі өте үлкен. Осы жекпе-жекке дайындық кезінде режимді бұзып көрмедім. Оны бұзбаған дұрыс.

— Отандық спортшылардың көбі трештокты жақтыра бермейді. Сіздің бұған көзқарасыңыз қалай?

— Трешток – кәсіпқой спорттың ажырамас бөлігі. Дегенмен оның да өз қағидалары бар. Жекпе-жекті қызық қылу үшін, жанкүйерлерді қызықтыру үшін трешток жасауға болады. Ал жеке басқа өту, жақындарына сөз тигізуге қарсымын.

— Трешток жасайық деп қарсыласыңызбен алдын ала келісесіздер ме?

— Жоқ, аяқасты болады. Өзің бастайсың. Мен трештокқа жақынмын. Әр қарсыласыма тиісіп, жекпе-жекті қыздыра түсемін. Шетелдіктермен оңай. Жерден алып, жерге саламын демеймін, бірақ өз деңгейінде трешток жасауға тырысамын.

Қарсыласыңыз шектен шығып, намысыңызға тиіп жатса, қосымша мотивация бола ма?

— Әр адамның ақылы бар. Өз басыңа ғана айтылса, сабыр етесің. Ал жақындарыңа тиіссе – айта алмаймын. Мұндай жағдай болмапты. Бірақ жақыным үшін қопаруға дайынмын.

— Әр спортшының өз стилі, жекпе-жекке шығатын әні болады. Сізде қалай?

— Жаңа әнмен, жаңа образбен шығамын. Бәрін жекпе-жекте көресіздер.

Көп жанкүйер сіздің құқық қорғау органында жұмыс істегеніңізді білмейді. Сол туралы айта кетсеңіз.

— Иә, құқық қорғау саласында істедім. Спортқа көп көңіл бөлу керек болғандықтан уақытша демалыс алдым. Бұйырса, алдағы уақытта қайта ораламын. Қазір өзімді толық спортқа арнадым. Жоспар бойынша 3-4 жыл ММА-де жүрсем деймін. Кейін құқық қорғау саласына ораламын.

— Құқық қорғау саласынан кәсіпқой спортқа ауысу қиын болмады ма?

— Жоқ, өйткені спортпен бала күнімнен шұғылданып келемін. Өмір бойы спорт «жанымда» болды. Қазір сәл көбірек уақыт бөлемін.

— ММА-ге ауысудағы мақсатыңыз қандай?

— Ең бірінші – Naiza чемпиондық титулы. Одан кейін ойымызда бір-екі ұйым бар. Бірақ оны командамен ақылдасып шешеміз. Қазір алға қатты шаппай-ақ қояйық. Мақсатым — Naiza чемпионы болу. Сосын мұхиттың арғы бетін бағындырсам деймін.

DAR Team командасының құрамындасыз. Жасалып жатқан жағдайға көңіліз тола ма?

— Иә, Алидар ағамыз барлық жағдайды жасап беріп отыр. Спортшыға қажеттінің бәрі бар. Тамақ жағынан, витамин жағынан бәрі өз орнында. Білім алу және рухани даму да қарастырылған. Командада спортшыға бар жағдай жасалған. Тек спортшының құлшынысы мықты болуы керек. Командаға қосылу да, одан кейін қалу да қиын. Өйткені қойылатын талап жоғары. Қазір командада үлкен жұмыс атқарылып жатыр.

DAR Team командасында спортшылардың тек физикалық жағдайына емес, рухани жағынан бай болуына назар аударады екен. Сіз өзіңізді қалай дамытасыз?

— Командада грант бөлінеді. Жас спортшылардың өсуіне көп көмек беріледі. Спортшыларды тек физикалық жағынан емес, рухани да дамытуды көздейді. Әркімнің дамуына көп көңіл бөлінеді. Кітап оқимыз, тіл үйренеміз, ораторлық сөйлеу машығын дамытамыз. Бір ғана бағытта емес, бірнеше бағытта жұмыс жасап жатырмыз.

Спортшыға қажет үш қабілет не?

— Психологиялық тұрғыдан мықты болу, жылдам шешім қабылдау және тәртіп.

— Спортшыға қажет үш дүние?

— Тәртіп, тұрақтылық және рухани байлық.

— Спортшы оқуға тиіс үш кітап.

— Өзім оқыған кітаптардан «Ұлыма хат», «Бай әке, кедей әке» және «Немқұрайлықтың нәзік өнерін» айта аламын.

— Спорт не береді?

— Жақсы жұмысқа тұрдым, тәртіпке мығым болдым. Әр нәрсенің қадірін түсінуге септігін тигізді.

— Артыңыздан ерген жас буынға айтарыңыз…

— Әрдайым әке-шешелеріңізді тыңдап, ешкімнің ала жібін аттамаңыздар. Тәртіпке бағынып, алға қойған мақсатқа жету жолында еш мойымаңыздар.